Отандық агроөнеркәсіптің ахуалы қандай — 21.06.2020 | Strategy2050.kz
Қазақстан – аграрлық мемлекет және оның агроөнеркәсіптік секторы мемлекеттің ішкі ресурстарына ғана емес, сондай-ақ сыртқы нарықтағы орнына да тікелей ықпал етеді. Агроөнеркәсіптік сектор ауыл шаруашылығы өнімін өндіру, оны қайта өңдеу және тұтынушыға жеткізу сияқты салаларды қамтиды, сондай-ақ қайта өңдеу өнеркәсібін өндіріс құралдарымен қамтамасыз етеді. Агроөнеркәсіп кешенінің дамуында ауыл шаруашылығына маңызды орын беріледі.
Қазақстан Республикасының әртүрлі климаттық жағдайы және қалыпты жылу белдеуі түрлі дақылдарды өсіруге және мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді. Ауқымды территорияны алып жатқан, сулы-нулы, қыратты да құйқалы жерді мыңғырған мал, жайқалған егістік, сүт-майсыз елестету де мүмкін емес. Оның үстіне мал шаруашылығы – қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі шаруашылығы. Қазақстанның қазіргі ауыл шаруашылығы дәстүрлі түрде екі негізгі салаға басымдық береді: ол – мал шаруашылығы, яғни ірі қара мал (ет-сүт өндірісі), қой, жылқы, түйе, шошқа және ешкі өсіру, сондай-ақ шаруашылықтың едәуір бөлігі құс фабрикаларына да тиесілі; екіншісі – қазіргі Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға негіз болып отырған өсімдік шаруашылығы.
ҚР Үкіметінің міндеттерінің бірі – ұлттық экономиканың негізгі драйверлерінің бірі ретінде агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін нығайту.
Осы бағдарламаны орындауға республикалық және жергілікті бюджеттерде көзделген қаражат көлемі 2 774,6 млрд теңгені құрайды, оның ішінде: 2017 жылы – 372,7 млрд теңге; 2018 жылы – 454,4 млрд теңге; 2019 жылы – 507,6 млрд теңге; 2020 жылы – 660,2 млрд теңге; 2021 жылы – 779,5 млрд теңге ауыл шаруашылығының ахуалын жөндеуге жұмсалады. ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің деректеріне сәйкес, 2019 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда ауыл шаруашылығы қызметімен айналысатын 17 971-ге жуық заңды тұлға тіркелген (Қазақстанда тіркелген барлық заңды тұлғалардың 4,0 пайызы). Ауыл шаруашылығы қызметімен айналысатын, жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың саны 13 194 екен. Соңғы үш жылда жұмыс істеп тұрған ауыл шаруашылығы ұйымдарының саны 3 202-ге (34,7 пайызға) артқан.
Ауылшаруашылығы министрінің жақында берген есебіне сәйкес, COVID-19 пандемиясының таралуына қарамастан, биылғы жылы агроөнеркәсіптек кешенде қалыпты жағдай сақталып отыр. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2,2 пайызға артқан, ал азық-түлік өнімдерінің өндірісі 2,4 пайызға өскен. Негізгі капиталға салынатын инвестицияя 10,1 пайызға көбейіп, 98,4 млрд теңгені құрады. Дегенмен, ғалымдардың болжамы бойынша, елімізде 2050 жылға қарай климаттық жағдайдың өзгеруіне байланысты егістік түсімі төмендеп, азық-түлік қауіпсіздігіне соққы әкелуі әбден ықтимал.
2019 жылдың қаңтар-желтоқсан аралығындағы тауар топтары бойынша экспорт көлемі
Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенінің даму жағдайы аумақтық және өңірлік сипаттарымен тығыз байланысты. Олардың даму деңгейі тағы да өндіріс орындары мен ресурстардың жақындығы; арзан энергия көздерінің болуы; инфрақұрылымның жағдайы; еңбек, материалдық және өндірістік қызметке қажетті басқа да ресурстармен қамтамасыз етілуі сынды бірқатар факторларға байланысты. Өңірлердегі менеджмент деңгейі маңызды рөл атқарады. Елде экономикалық диспропорциялар бар, өйткені өнеркәсіптің өндіруші сегменті жекелеген облыстардың шаруашылығында басымдыққа ие. Бұл ретте ауыл шаруашылығы, көлік және инфрақұрылым қызметтері қиындықтарға тап болады, кейбір шаруашылыққа монополия сақталғанын да ескеру қажет. Өңірлердің экономикалық құрылымының негізі олардың аумақтық орналасуы, табиғи-климаттық жағдайлар, шаруашылық орталықтар мен қалалардан алшақтығы және т.
Ауыл шаруашылығын дамыту шараларынан бөлек, оны іске асыру бойынша қажетті ақпаратты фермерлер мен жалпы азаматтарға жеткізу де маңызды. Өйткені, ашықтық пен әділеттілік кез-келген салаға дақпырт емес, даму мүмкіндіктерін әкелетіні анық. Мәселен, жақында аграрлық саланы қолдау бойынша субсидиялар туралы қоғамда түсініспеушіліктер туындады. Ақпарат құралдарында шошқа өсіруге бөлінетін қаражат пен жылқы шаруашылығының ахуалы талқыланып жатты. Министрлік оған тиісті түсініктеме де берді. ҚР АШМ баспасөз қызметінің хабарлауынша 1991 жылы Қазақстандағы жылқы саны шамамен 1,7 млн бас болса, нарықтық экономикаға көшу кезінде мал саны азайып, 2000 жылдары жылқының басы миллионға да жетпей қалған. Ал, 2002 жылдары мемлекет осы салаға көңіл аудара бастағаннан кейін мал санының өсімі байқалған. Асыл тұқымды жылқыны сатып алу, қымыз бен жылқы етін өндіруге субсидия беру кеш те болса 2011 жылдан бастап іске қосылған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде елімізде қазіргі уақытта жылқының саны 2,9 млн басқа дейін өскен (жыл басындағы мәліметтер бойынша).
Қазіргі уақытта жылқы шаруашылығымен айналысатын фермаларға келесідей қолдау көрсетіліп келеді:
-
әрбір асыл тұқымды айғырдың басына 100 мың теңге субсидия;
-
бие сүтін өндірушілерге литріне 60 теңгеден;
-
асыл тұқымды жылқының аналық басын бағуға, жем-шөбіне жылына 20 мың теңгеден;
-
жылқы шаруашылығын дамытуға техникалық жабдықтар алу үшін 25 пайыздық инвестициялық субсидия;
-
несие мен лизингке 10 пайыздық мөлшерлемемен субсидия қарастырылған.
Осылайша 2019 жылы 4,7 мың жылқы фермасына мемлекеттік қолдау көрсетілген екен. Оған қосымша ретінде жылқы өсіріп отырған фермерлерге тағы жылқы сатып алуға 6 пайыздық несиені 10 жылға дейінгі мерзімге беру көзделген. Сонымен қатар, 2016 жылдан бері жылқы шаруашылығын қолдауға арналған «Құлан» бағдарламасы жұмыс істеп келеді. Қазақстанда 2018 жылдан бастап шошқа етін өндіруді субсидиялау тоқтатылған, бұл шошқа өндірісіне мемлекеттік қолдаудың жалпы көлемінің 2 есе азайғанын көрсетеді. 1991 жылы Қазақстанда 2,9 миллион бас шошқа болса, 2018 жылы 800 мыңға дейін азайып кеткен. Ал 2019 жылға қарай Қазақстандағы шошқа санының артуы нәтижесінде шошқа етінің экспорты да артқан екен. 2017 жылы Қазақстан шетелге 300 тоннаға жуық ет сатса, былтыр ол 800 тоннаға жетті. Осы кезең ішінде шошқа етінің ішкі тұтыну үлесі 8% төмендеген, ал оның экспорттық көлемі артқан.
ҚР Өңірлері бойынша жылқы санының өсімі
Сондықтан ауыл шаруашылығы саласында субсидиялар мен тиімді мүмкіндіктер жайлы халыққа кеңінен ақпарат беріліп отыруы тиіс.
Қазақстандағы су ресурстарының проблемасы — 25.06.2020 | Strategy2050.kz
Алдағы онжылдықтарда Орталық Азияда су ресурстарының салдарынан қақтығыстар жиі болуы мүмкін. Әлемдік климаттың өзгеруі, халық санының өсімі, урбанизация мен ауылшаруашылығының, өндірістің дамуы, экологияның ушығуы және табиғи апаттар(су тасқыны мен құрғақшылық) осындай проблемаға алып келуі ықтимал. Бұл жаһандық даму мен тұрақтылыққа тигізетін ең үлкен қауіп-қатер болатыны және келешектегі шиеленістердің мұнай мен газ, кен орындары емес, таза ауыз су үшін болатыны анық. Әсіресе, Орталық Азиядағы мемлекеттердің өзара және көршілес елдермен су ресурстары тығыз байланысып жатқандықтан, бұл мәселе мемлекетаралық масштабта өзекті бола түсетіні сөзсіз.
Бүгінде көптеген елдерде бұрын-соңды болмаған су тапшылығы орын алуда. Жер шары халқының саны тез өсіп келеді. Зерттеулерге сәйкес, қазіргідей даму қарқынымен 2030 жылға қарай әлемдік су қорында 40% тапшылық болатынын көрсетеді. Дүниежүзілік банктің есебі бойынша, 2050 жылға қарай 9 миллиард халықты асырау үшін ауыл шаруашылығы өндірісін 60%-ға арттыру және су қорын 15%-ға ұлғайту қажет болады. Айта кету керек, бүгінгі күннің өзінде ауылшаруашылығы саласы әлемдік су ресурстарының 70%-ын тұтынып отыр. Осындай динамикадағы сұраныстан бөлек, су қоры әлемнің көптеген бөліктерінде тапшы болып отыр. Қазіргі уақытта әлем халқының 40%-ы су жетіспейтін аймақтарда тұрады және әлемдік ЖІӨ-нің шамамен төрттен бір бөлігі осы проблемаға душар болған. 2025 жылдың өзінде 1,8 миллиардқа жуық адам суы тапшы өңірлерде өмір сүреді делінген. Төмендегі кесетеде ҚР-дағы халықтың өсуі, құрылымы және тығыздығы көрсетілген.
Әлемдік климаттың өзгеруі де дүниежүзін алаңдатып отырған мәселенің бірі. Экологиялық проблеманың қатарына климаттың жылынуы себебінен мұхит деңгейінің көтерілуі, құрлықтағы мыңдаған теңіз-көлдердің тартылуы және судың ластануы жатады. Мәселен, дамушы мемлекеттерде аурулардың 80 пайызы мен өлім-жітімнің үштен бірі осы таза ауыз судың болмауынан екен. Арал теңізінің тартылуы Қазақстанның тарихындағы ең үлкен экологиялық апат екенін білеміз. Климаттың өзгеруі су тасқыны мен құрғақшылық қаупін төндіріп, гидрологиялық циклдарды өзгертеді. Әлемде су тасқынынан тек мүлікке келтірілген залал жылына 120 миллиард долларға жетеді, ал құрғақшылық пен өзгермелі жауын-шашын мөлшері әсіресе шалғайдағы ауыл-аймақтар үшін үлкен қиыншылықтар туғызады. Әлемдік қауымдастық осы мәселені шешуге тырысқанымен әлі де нақты нәтиже бермей отыр. 1994 жылы БҰҰ климаттың өзгеруі туралы рамкалық конвенциясы, Киото протоколы, Копенгаген конференциясы, Монреаль протоколы, Париж климат келісімі аясында дамушы және дамыған мемлекеттер әлемдік климат пен экологияға жауапкершілігі жөнінде бір мәмілеге келе алмады.
Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы өңірлік кеңсесінің жетекші маманы Г.Минасянның пікірінше, климаттың жаһандық жылынуы себебінен 2030-2050 жылдары Қазақстанда су ресурстарының жетіспеуі ушығып, оның көлемі 90 млрд куб метрден 76 млрд куб метрге дейін төмендейді. Ауа температурасының көтерілуінен құрғақшылықтың көбеюі, екінші жағынан Тянь-Шань мұздығының 50 пайызға азаюы, жауын-шашынның себебінен елді-мекендерді су басып, ауыл шаруашылығына үлкен зардабын тигізеді.
Қазақстанның негізгі өзен бассейндері
Қазақстанда Орал, Есіл, Ертіс, Іле, Шу, Талас, Сырдария ең ірі және т.б трансшекаралық өзендері бар. Аталған трансшекаралық су бассейнін пайдалану бойынша Қазақстан мен Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан Республикасы араларында халықаралық суларды бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі келісімдер қабылданған. Ол келісімдер халықаралық құжаттарды, БҰҰ Конвенцияларын басшылыққа алады. Бірақ, БҰҰ-ның кейбір Конвенцияларына қосылмаған, шекаралық суларды тек екіжақты және өз пайдасына басымдықпен қолдануды көздейтін көрші мемлекеттер де жоқ емес. Трансшекаралық өзеннің жоғарғы ағысындағы елдердің төмендегі су бассейнінің проблемаларын ескермеуі, өзара келісілген суды пайдалану стратегиясының болмауы, институционалдық және саяси мәселелер трансшекаралық өзендерді ашық және әділ бөлісуге кедергі келтіріп келеді. Қазақстан мен Қытай арасында Қорғас, Сүмбе және Қайшыбұлақ, Іле және Ертіс суларын бірлесіп пайдалану және қорғау, табиғи апаттар туралы жедел хабарлау, трансшекаралық өзендерді ғылыми-зерттеу ынтымақтастығы, гидрологиялық және гидрохимиялық мәліметтермен алмасу жөніндегі бірақатар келісімшарттар бекітілген. Трансшекаралық өзендер мәселесін талқылайтын екіжақты комиссия да жұмыс істеп келеді. Бірақ отандық ғалымдар мен зерттеушілер Ертіс пен Іле суының жыл сайын азайып, құрамында зиянды қалдықтардың көбейгенін және отандық су шаруашылығына үлкен зардабын тигізуі мүмкін екендігін айтып келеді. Қытай шекаралық өзенді пайдалану бойынша тек екіжақты келісімдерді қабылдап, оны көпжақты халықаралық дәрежеге шығармауды көздейді. Биылғы жылғы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің баяндамасында Балқаш пен Арал мәселесі, көрші елдердің су саясатына тәуелділік, су ресурстарының зиянды қалдықтармен ластануы, суды мақсатты пайдаланбау, тұрғындарға сапалы ауыз мен егістікке судың жетіспеуі сияқты проблемаларды атап көрсеткен. Орталық Азиядағы су ресурстарын басқаруды жетілдіру, оның заңнамалық-құқықтық жұмыстарына ЕО, ЕҚЫҰ, Азиялық даму банкі және т.б халықаралық ұйымдар мен донорлар атсалысып келеді.
Жалпы, дүниежүзінде 148 мемлекетке ортақ 276 трансшекаралық бассейндер бар және әлемдік тұщы судың 60 пайызы осыған тиесілі. Яғни, жер халқының 2 миллиарды жер асты суларына тәуелді деп айтуға болады. Осындай ортақ су ресурстарын басқару үшін тиімді шешімдер қажет екендігі белгілі. Суға сұраныстың артуы, су дефициті, оны басқарудағы белгісіздік, фрагментация проблемалары жағдайында су қауіпсіздігін нығайту үшін институционалды нығайту, ақпаратты басқару және инфрақұрылымды дамытуға күш салу қажет болады.
Елімізде пайдаланылған тұщы су көлемі
Үкімет еліміздегі су проблемасының алдын-алу мақсатында биыл қаңтарда ҚР Су ресурстарын басқару жөніндегі 2020-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасын бекітті. Жауапты министрліктің хабарлауынша, елімізде жер үсті су ресурстары 100 текше шақырымды құрайды, ал 44 пайызы шет елдің территориясынан келеді. Тұтынатын судың 67% — ауыл шаруашылығына, 30% – өнеркәсіпке, қалғаны – шаруашылық-тұрмыстық қажеттілікке қолданылады. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына орай 2040 жылы елімізде суды пайдалану 56 пайызға дейін өседі деп болжанған. Соның алдын-алу мен суды бөлу, ұйымдастыру мақсатында Үкімет тұжырымдамасында алдағы он жылда жер үсті суын ұлғайту есебінен 100 текше шақырым су теңгерімін сақтау, қойма салу және суды үнемдеу, жер асты суын пайдалану мөлшерін арттыру көзделген. Сондай-ақ суды тұтынуды белгілі мөлшерге азайту, гидротехникалық құрылыстар салу және жаңарту, ирригациялық жүйелерді салу, суды тарату арналарын кеңейту де қарастырылған. Аталған бағдарламада көрсетілген 10 негізгі бағыттың ішінде құқықтық базаны жаңарту, су нарығын құру жөніндегі халықаралық озық тәжірибені зерделеу, су шаруашылығын цифрландыру, су экологиясына көңіл аудару, сала мамандарын жаңаша дайындау.
Су пайдалануға баға белгілеу
Дегенмен, жауапты министрліктің Су ресурстары комитетіндегі кадрлық мәселелер, сот істері мен басшылықтың ауысуы жұмыстың жүйелілігіне кедергі келтіреді. Өзбекстанның Сардоба су қоймасындағы апат осы саладағы ынтымақтастықтың кемшін тұстарын, оның жан-жақты құқықтық негіздерін орнату қажеттілігін көрсетіп берді. Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару, пайдалану және қорғау туралы келісім жобасы әлі де талқыланып жатыр. Кеш те болса трансшекаралық су қоймаларына толық тексеріс жүргізіп, Жол картасын бекіту туралы қос тарап келісуде.
Геосаяси жағдайға байланысты, Орталық Азия мен Қазақстандағы су ресурстарын басқару және гидросаясат соңғы жылдары жоғары қызығушылық тудырып келеді. Сырдария мен Амудария сияқты екі ірі өзенді бөлісетін Орталық Азиядағы бес тәуелсіз мемлекеттің арасында өзара саяси бәсеке күшейгені белгілі. Су ресурстарын қорғау Арал теңізінің тағдырын және халық санының өсіміне байланысты ауыл шаруашылығының кеңеюін ескере отырып, барлық Орталық Азия мемлекеттері үшін ерекше мәселе болып табылады. Су ресурстарын неғұрлым тиімді бөлу, реттеу және сақтау үшін нормативтік-құқықтық база, бағасын белгілеу және ынталандыру сияқты институционалдық құралдар қажет.